
Бүгін Түркістан қаласындағы «Оқушылар сарайы» – ЮНЕСКО клубының ұйымдастыруымен тоғызқұмалақ ойынан «Ұлттық спорт – ұлтымыздың мұрасы» атты қалалық жарыс өтті.
Бұл іс-шараның мақсаты - ұлттық спортты дамыта отырып насихаттау, жасөспірімдердің ұлттық ойынға деген қызығушылықтарын арттырып, зияткерлік, математикалық ықшам сақтау әдістеріне дағдыландыру. Сонымен қатар, тоғызқұмалақшылар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, салауатты өмір салтына баулу.
Аталған сайысқа 2007 – 2008, 2009 – 2010, 2011 – 2012 және 2013 – 2015 жылдар аралығында туылған 60-тан астам жасөспірім қатысты.
Жарыс ережесіне сәйкес, әр жас ерекшеліктеріне бойынша қатысқан ұлдар мен қыздар арасындағы жеңімпаздар анықталып, I, II, III дәрежелі диплом және медальмен марапатталды.
Атап өтсек, 2007-2008 жылдар аралығында туылған ұлдар арасында Қоқиш Бекжігіт жеңімпаз атанса, Оралбай Ердәулет екінші және Қауимбаев Диорбек пен Жүсіпәлі Ұлан үшінші орынға ие болды. Ал, қыздар арасында Ергенбайқызы Ақниет үздік атанып, Төремұрат Шұғыла екінші, Әбибуллаева Чарос пен Мамирова Диана үшінші орынды місе тұтты.
Дәл осылай, 2009-2010 жылғы ұлдар арасында Н.Ислам алтын медальға қол жеткізсе, Б.Қадырхан күміс, Ш.Ешман мен Е.Алтынбек қола медальді қанжығалады. Қыздар арасында Дүйсенбек Інжу топ жарып, Тұрмаханбет Көркем екінші сатыдан көрінсе, Иса Аруна мен Анықбай Дина үздік үштікті түйіндеді.
Сонымен қатар, 2011-2012 жылдары туылған ұлдар арасында Сейтхан Тұрар жеңіске қол жеткізсе, Ералы Жаннұр екінші, Әбдіжалау Ерболат пен Мұратбекұлы Бағжан үшінші сатыдан бой көрсетті. Қыздар арасында А.Аралбай мен А.Нәлібай үшінші, А.Абдурахман екінші орынға ие болса, С.Абибулла қарсылас шақ келтірмеді.
2013-2015 жылғы ұлдар арасында Бекзат Ерсұлтан жеңімпаз атанып, Асқан Мұқасан екінші, Дүйсенбай Нұрислам мен Жанділла Мейіржан үшінші орынға қанағат етті. Ал, қыздар арасында Молдабек Асылай жүзден жүйрік шықса, екінші орынды Ануар Айзере, үшінші орынды Қаңлыбек Мәншүк мен Ақпанбек Мереке иемденді.